Шымкент қаласы білім басқармасының
«№62 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
(8723) 52-33-27
(8707) 622-77-22
Нашар көрушілер
нұсқасы
20
апрель
2022

«Менің атым қожа» повесі бойынша оқушылар конференциясы

«Менің атым қожа» повесі бойынша оқушылар конференциясы

Қатысушылар: 3A-сынып оқушылары, ата-аналары.
Мақсаты:
Өскелең жас ұрпақтың әдеби кітапқа деген құштарлығын арттыру, ой -өрісін дамыту, оқыған кітаптарын талдауға үйрету, рухани тәлім –тәрбие беру.
Күтілетін нәтижелер: Оқушылар өзінің оқыған кітабы туралы ойын айтуға талпынады, оқырмандықтың маңызын түсіне алады, оқушы әр түрлі ситуацияға пікір айта отырып, өзін азаматтыққа, адамгершілікке тәрбиелей алады.
Жоспар.
1. Ынтымақтастық атмосферасын орнатып, топқа бөлу
2. Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде мәлімет
3. «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсету
4. Кейіпкермен жүздесу
5. «Тапқыр болсаң, тауып көр» сұрақ –жауап бөлімі.
6. Көрініс
7. Жұптық жұмыс
8. Ата-аналарға ситуациялық сұрақтар
9. Постер қорғау
10. Сергіту сәті
11. Кейіпкер мінезін ашатын түйін сөз
Армысыздар, құрметті қонақтар ата -аналар, оқушылар! Ұлтымызда «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Бес жасқа дейін патшасындай сыйлап, он бес жасқа дейін құлша жұмсап, он бес жастан кейін досыңдай сырласуды өсиет еткен бабаларымыз ерте кезден тәрбиеге үлкен мән бергені әмбеге аян. Баланың жан-жақты толыққанды дамыған тұлға болып қалыптасуына мектептің де, ата –ананың тәрбиесінің де маңызы зор. Мектепте алған тәрбиесі мен отбасынан алған үлгісін өміріне азық ете білсе –зор қуаныш. Жалпы бала тәрбиесінде мектептің, ата –ананың тәрбиесімен қоса жақсы кітаптың да қосар үлесі де өлшеусіз. Осындай шығармалардың бірі –Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі. Бүгінгі «Мектеп, ата-ана қауымдастығы –әлеуметтік серіктестер» атты ашық есік күнінде біз «Менің атым Қожа шығармасының бала тәрбиесіндегі рөлі» деген тақырыпта оқушылар конференциясын өткізгелі отырмыз.
Қанша заман өтсе де, құнын жоймайтын халықпен бірге мәңгі жасайтын шығармалар болады. Мұндай туындыларды бір қаламгердің еңбегі ғана емес «Бір дәуірдің айнасы –бүкіл елдің мұрасы» деген жөн. Бізге бала күннен таныс, қанша оқысаң да жалықтырмайтын бір шығарма бар. Ол –"Менің атым Қожа«. Қанша көрсең де жалықтырмайтын бір фильм бар. Ол –"Менің атым Қожа«. Бүгінгі конференциямыз Қожа бейнесінің отбасындағы, мектептегі тәртібі мен тәрбиесі, жалпы аталмыш повестің бала тәрбиесіндегі рөлі турасында өрбімек.
Сабағымызды бастамас бұрын барлығымыз ортаға шығып, ынтымақтастық атмосферасын құрып алайық. Ол үшін „Алақанға алақан“ ойынын ойнаймыз (Қатысушы ата-аналар мен оқушылар шеңбер болып тұрады да, бір-біріне жақсы лебіз білдіреді).
Алдымен осы шығарманың авторы жазушы Б.Соқпақбаевтың өміріне шолу жасап өтейік. Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы қазанның 13-інде Алматы облысының Нарынқол (қазіргі Райымбек) Қостөбе ауылында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтынан кейін Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастады. Балалар мен жасөспірімдерге арнап прозалық шығармалар жазды.







Жазушы шығармаларының ішіндегі бала жүрегіне жол тапқан үздік туындысы „Менің атым Қожа“ повесі болды. Бұл — қарапайым тілмен жазылған шындықтан туындаған шығарма. „Өтірік ештеңе қоспаймын“ деп уәде берген автор уәдесін орындайды да, повесте жазушы балаларға бала болып бар сырын ашады. Өзінің бар болмысын, жамандығын да, жақсылығын да жасырмай жазады. Сол жасырмай жазуының арқасында оқырманның ыстық ықыласына бөленеді. Қазақтың Қожасы оқырман қауымның қызығушылығын туғызды. Бірден 30 шақты тілге аударылып шартарапқа жайылды. 1963 жылы „Қазақфильм“ киностудиясы осы повесть бойынша сценарий жазып, көркем фильм етіп шығарды. Қазақ киносында соны соқпақ салған режиссердің бірі Абдолла Қарсақбаев сияқты екі тірі тұлғаның ортақ шығармашылығы Францияның Канн қаласында өткен халықаралық кинофестивальда арнайы сыйлыққа ие болды.
Ауыл аймақтардың біріндегі қазақ ауылында Қожа атты
ақжарқын да көңілді бала өмір сүреді. Қожа балалықтың бал дәуренінде түрлі оқиғаларды басынан өткізеді. Бірде аңғалдығымен, сенгіштігімен, құрбы-құрдастарының алдында күлкі болса, ал келесіде сөзсіз батырлығымен, қиялының
тәттілігімен, тартымды сүйкімділігімен сүйсіндіреді.
Құрметті қонақтар, назарларыңызды экранға аударып „Менің атым Қожа“ фильмінен үзінді көрейік
Кейіпкермен жүздесу. Балалар, ортамызға бас кейіпкер –Қожаның өзі келіп қалған екен, бәріміз кездесейік!
Қожа: Сәлем, сәлем, балалар! Балалар мен жақында жаңа ойын үйрендім. Ол қандай дейсіңдер ме, бұл ойын бір-бірімізге „сұрақ-жауап ойыны“ деп аталады. Мен бірінші болып сендерге сұрақ қоямын. Сендер маған қайыра сұрақ қоясыңдар. (екі қолын уқалап) Кәнекей, ойынды бастаймыз ба? Менің сұрақтарым таусылған соң, сендердің кезектерің. Ойын басталды.
Қожаның сұрақтары (Менің атым Қожа повесі желісімен):
1. Қожа: Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шынын айтыңдаршы, мен өскенде қандай маман иесі болуды армандадым?
ЖАУАП:(Қожаның жазушы болсам деген арманы көкейіне ерте ұялады. Оның ақындық, жазушылық даңқы үшінші-төртінші сыныпта оқып жүргенде-ақ мектептен асып, ауылға жайылып, „ақын бала“ атана бастаған.)
2. Қожа: Сұлтан екеуіміздің қарақшылық өміріміз қанша уақытқа созылды?
ЖАУАП: (Олар жабайы қаз атып алдық екен деп, біреудің жоғалған қазын атып алып, үйітіп отырғандарында мектеп директоры Ахметовтың әкесі Ахмет шал көріп қалып, олардың „сазайларын“ береді. Сосын екеуі қорда етіп, қарақшылық істемек болған „тапқыр“ ойларынан табанда бас тартуға тура келеді.Бұл екеуінің қарақшылық өмірілерінің бірінші және ең соңғы күні болды.)
3. Қожа: Мен үйімде төргі бөлменің есігін жауып алып, кеңес өткізгенімді білесіңдер. Сонда кімнің мәселесін қарадым?
ЖАУАП: (Қожа кешкі астан кейін төр үйге кіріп, үлкен айнаның алдына отырып, Қадыров Қожаның жеке бас құпия кеңесін ашады. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе — тәртіпті, үлгілі оқушы болу үшін не істеу керек екендігі жайлы мәселе қаралды.)
4. Қожа: Менімен дойбы ойнап отырған Жанар мені не үшін „Мақтаншақ Қожа“ деп мазақтады?
ЖАУАП: (Бірінші ойында Қожа Жанардың сүйкімді жүзіне, иығына төгілген қолаң шашына қарап, толқып отырып, ойынды ұтқызып алады. Екінші ойында сағырақ ойнаса да, үш-төрт жүрістен кейін Жанар Қожаның үш пешкасын бірден қырып салды. Енді оның намысы келіп, „қазір ұтамын“ деді сенімді үнмен. Бірақ, айлакер Жанар бұл жолы да елеусіз тұрған пешкасын Қожаға жегізді де, басқа бір пешкасымен оның әлгі батырын белден басып, биге өтіп кетті…)
5. Қожа:Менің он үш жыл өмірімдегі ең қатігез күн қашан болып еді?
ЖАУАП: (Бұл күні мектепте Қожаның тәртібін талқыға салған педсовет жиналысы болған.)
6. Қожа: Менің орыс тілі сабағына кешігіп, Анфиса Михайловнамен бірге класқа кіргендегі балалардың әрекеті, менің әрекетім
ЖАУАП:
Қожа: Жарайсыңдар, мен туралы кітапты жақсы білетіндерің көрініп тұр. Балалар, оллаһи, шыным, менің үйге қайтуым керек. Асығыспын. Қызыл бұзауымды айдап келуім керек. (Қожа кетіп бара жатып) Ұмытып бара жатыр екенмін, сендер сұрақтарыңды сосын қоярсыңдар.Ойынымызды кейін жалғастырамыз. Кездескенше.
Біз бұл повесті қанша рет оқысақта , теледидардан көрсек те жалықпаймыз. Барлық оқиға желісі Қожа атынан баяндалады. Бүгінгі сауалымызда
„Қожа қандай бала ?“ деген сұраққа жауап іздейміз. Енді балалар осы повесті барлығымыз талдап, шығарманың негізгі ойын ашайық.
„Тапқыр болсаң, тауып көр“ (сұрақ –жауап бөлімі)
1. Б.Соқпақпаевтың „Менің атым Қожа“ повесі кімдерге арналған шығарма?
2. Қожаның қателіктерге ұрына беруінің себебі не, қалай ойлайсыңдар?
3. Жантас қандай бала?
4. Қожа Майқанованы не үшін жек көреді? Ол ойын өзгертті ме? Оған себеп болған оқиға қандай?
5. Жақсы көретін мұғалімі кім? Шығармадан мысал келтір?
6. Қожа кімнің тәрбиесінде болады? Әжесінің Қожаны қорғаштаған сәті
7. Ол анасын Қаратайдан неге қызғанады?
8. Сол кездегі мектеп өмірі мен қазіргі мектеп өмірінің айырмашылығы неде?
9. Қожа болашақта жақсы азамат болады деп есептейсіңдер ме?
Ата-аналарға ситуациялық сұрақтар беріледі
1. Сіздің балаңыздың бойынан Қожаның жағымсыз қылықтары табылса не істер едіңіз?
2. Осы шығарманың бала тәрбиесіндегі рөлі қандай деп ойлайсыз?
Отбасында бала тәрбиелеуде нені басшылыққа аласыз?
3. Шығармада Қожа әжесінің тәрбиесінде. Сіз өз балаңызды әжесінің тәрбиесіне қалдырып кетер ме едіңіз? Осы жағдай туралы пікіріңіз
4. Балаңыз тым жақсы тәртіпті бала. Алайда, оған бұзық Сұлтан секілді бала жолдас болды. Екеуін ажыратайын десеңіз, балаңыз оған көнбейді. Сіздің әрекетіңіз.
5. Балаңыз Қожа секілді сынып жиналысына, педсоветке түсіп жатса сіз не істер едіңіз? Ол үшін мұғалімдері мен достарын жазғырасыз ба? Осы жағдайға тап болсаңыз ол жолдан қалай шығар едіңіз?
Көрініс
Енді „Қожа қандай бала?“ деген сұраққа жауап іздейміз. Менің байқауымша, сіздердің пікірлеріңіз әр түрлі. Екі топтың біреуі даттаушы, біреуі мақтаушы.
Осыны көрініс арқылы көрсетейік. Қожаның сынып жиналысына түскен сәті.
Жұптық жұмыс
Сәтсіз сәт (қай сәт екенін оқушы анықтайды)
1) „Есікті аша бергенімде, тынысым мүлде бітіп, жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін“.
2) „Терезенің тұсында мектептің бағы бар. Осыдан бес, алты жыл бұрын өз қолымызбен отырғызылған теректер. Бір теректің басына маймылша өрмелеп шығып алдым“.
3) " Қоңырау әлі бола қоймаған. Сол кезде басыма сап етіп, бір қызық ой келе қалды. Кішкентай бақаның бірін Майқанованың сөмкесіне сүңгіттім де жібердім«.
4) „Аузымды түтінге толтырып алып, жұтып кеп қалғаным сол екен бір керемет улы газ өңешімнен шеңгелдеп ала кеп түсті. Жер дүние төңкеріліп бара жатты“.
Мен кіммін? (кім екенін оқушы табады)
1. Біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап — сыпсыңдағыш. (Жантас)
2. Мен оқулық емес, қант аламын. Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз. (Қожа)
3. Біз екеуміз таныс шығармыз деймін. (Майқанова)
4. Мүмкін орныңа барып айтатын шығарсың? (Анфиса Михайловна)
5. Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиыны емес, теңгесі емес, бақандай бір қарасы жүр. (Сәйбек қарт)
6. Келесі сабаққа қайсысың бақа ұстап әкелесіңдер. (Оспанов)
Постер қорғау. „Жарасымды жанұя“ (ата-аналар постерде қорғайды)
Сергіту сәті. Лездеме сұрақтар (ата-аналарға сұрақ)
1. Балаңыздың туған күні?
2. Балаңыз қазақша жыл санау бойынша қай жылы дүниеге келді?
3. Сынып жетекшісінің толық аты-жөні?
4. Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
5. Балаңыздың парталас көршісі кім?
6. Балаңыздың сүйікті асы қандай?
7. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
8. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
9. Балаңыз 1-сыныпқа қай жылы барды?
10. Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?
11. Балаңыз сізді ренжіткенде, ең алдымен, қандай сөз аузыңызға түседі?
12. Балаңызға орыс тілі пәнінен беретін мұғалімнің аты-жөні?
13. Балаңыздың достары.
14. Балаңыздың бейімділігі?
15. Балаңыздың сүйікті асы?
Кейіпкер мінезін ашатын түйін сөз (топтық жұмыс)
Құрметті оқушылар, ұстаздар! Осымен бүгінгі сабағымыз аяқталды. Бүгінгі оқушылар конференциясына арқау болып отырған „Менің атым Қожа“ шығармасының өзі ата-ана, мектеп, мұғалім арасындағы байланысты көрсететіндіктен бала тәрбиесіндегі рөлі зор деп есептеймін.
„Кітап –ең сабырлы ұстаз“ деп ҚР президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, кітап қай уақытта да адам жанының азығы, білім көзі. Тәлім-тәрбиеге, ғибратты әңгімеге бай рухани қазына. Сондықтан бәрімізге әрдайым көркем шығарма оқуға шақырамыз!
Прокомментировать
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив